Атырау облысы Индребор ауылында өзен қауіпті деңгейден асты /Фото: Атырау облысы әкімдігіЖайық өзеніндегі судың көтерілуіне байланысты Орал қаласы мен оның маңындағы аудандар тасқын кезеңін аман-есен өткерді. Облыс орталығында өзен саябырсып, су деңгейі 791 сантиметрге дейін төмендеді.
Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, облыстағы төрт ірі қойма 91%-ға толды. Жайық-Көшім суландыру жүйесіне 400 млн текше метр су жіберілген.
Қазіргі уақытта Жайық суы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы сай-салаларды толтыруда. 5 мамырдағы көрсеткіш бойынша Тайпақ ауылындағы гидробекет өзен деңгейінің 9 метрден асып кеткенін көрсеткен. Қауіпті деңгей 850 метр деп есептелінген.
Жайық бойында Ақжайық ауданына қарасты 35 ауыл бар. Ауылдарды су басқаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Өзен бойындағы мол су ағынына Атырау облысы да дайындалуда. Облыста 7 сәуірден бастап төтенше жағдай жарияланды. Өңірде 796 адам уақытша қосындарға орналасты.
5 мамыр күні Индербор ауылының тұсында өзен суы шекті деңгейден (845 см) асып, 856 сантиметрге жетті. Махамбет ауылында су қауіпті шек – 850 метрге жуықтады.
Атырау облысындағы ТЖ жөніндегі жедел штаб Махамбет ауданында 22 эвакуациялық пункттің дайындалғанын хабарлады. Индер ауданында 1500 мал басы қауіпсіз аймаққа көшірілді.
ТЖМ дерегі бойынша су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласында 100-ден астам үй мен 10 кәсіпкерлік нысан су астында қалып отыр. Қазіргі уақытта қалада дезинфекциялық жұмыстар күшейтілген.