Күдіктілер жәбірленушінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратпауы үшін ақша алып тұрған сәтінде қолға түсті. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бопсалаудың бірнеше фактілеріне қатысы бар екі блогерді анықтады.
Күдіктілер ұзақ уақыт бойы Сайрам ауданының аумағындағы түрлі ұйымдардың басшыларына қоқан-лоққы жасап, ақша бопсалаумен айналысып келген.
«Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Күдіктілердің бірі бұрын сотталған» — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.