Батыс Қазақстан облысында 2 млрд теңгеге жаңадан сауда үйлері мен кешендері, супермаркеттер салынбақ.
БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы кәсіпкерлік және сауда бөлімінің басшысы Мейрам Қабдығалиевтің мәлім еткеніндей, 5 ірі жоба жүзеге асқан кезде 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Оның сөзіне қарағанда, «Батыс Капитал Лимитед» ЖШС көтерме және бөлшек сауда кешенін, «Омаров» ЖК, «Умиргалиев» ЖК және «Sauna Prov» ЖШС сауда үйлерін, «Жеңіс» ЖК супермаркетті іске қоспақшы.
«Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы несиелендіру тетігі жасалып, жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге үш сауда базары («Алтын алма» базары – 2 млрд, «Бақыт жол» базары – 300 млн, «Өнім» базары – 200 млн теңге) жаңғыртылмақшы. Қазіргі таңда сауда базарлары бойынша эскиздік жобаларды әзірлеу, тозығы жеткен құрылыстарды бұзу, жаңа сауда павильондарын орнату және қайта форматтау мақсатында құжаттамаларды дайындау жүргізілуде», — дейді М.Қабдығалиев.
Басқарма деректеріне қарағанда, биылғы бірінші жартыжылдықта облыс бойынша тауар айналымының көлемі 4,5 трлн теңге болды.