Атырауда церебральды сал ауруына шалдыққан қызды зорламақ болған педофилге сот үкім шығарды, деп хабарлайды QazTimes.
AtyrauPress басылымының мәліметінше, оқиға осыдан екі жыл бұрын Авангард шағынауданында болды. Көлікті ұрлап, 13 жастағы қызды зорламақ болған ер адамды полиция ұстаған еді.
Қыз анасының айтуынша, баласын көлікте қалдырып, өзі дүкенге бірнеше минутқа кіріп кеткен. Ол шыққан кезде қызы отырған көлік орнында болмаған. Атырау қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің жедел қиымылының арқасында 34 жастағы жігіт қылмыс үстінде ұсталған.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл оқиғаға өткен жылдың маусым айында үкім шығарған. Алайда іс жабық сот отырысында қаралғандықтан, ол кезде мән-жайы жария етілмеген. Сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің және оның заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді. Ол Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды.
«Сот үкімімен ер адам екі бап бойынша да кінәлі деп танылды. Сотталушы кінәсін мойындады. Оған 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді», — деді облыстық соттың өкілі.