Атырау облысында 2 жасар қыз электр бағаны үшін қазылған терең шұңқырға құлап кеткен. Оны Индер ауданындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Нұрлыбек Саламатов алып шыққан.
Оқиға Индер ауданының орталығы – Индербор кентінде болған.
Өрт сөндіру бөліміне түскен шақыртумен оқиға орнына әріптестерімен бірге келген жүргізуші Нұрлыбек Саламатов терең шұңқырға еңкейіп, батыл әрекет етті. Жүргізушінің аяғын қасындағы құтқарушылар ұстап тұрған. Жүргізуші қолын созып, кішкентай қызды қауіпті аумақтан тез шығарып алған.
«Балаға медициналық көмек қажет болмады. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері мұндай құтқару операцияларын жиі жүргізеді. Олар адам өмірін сақтап қалу үшін әр секундтың маңызды екенін түсініп, тез әрекет етеді. Ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеміз», — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.