Астанада «Атамекен» ҰКП-ның бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтың ісі бойынша негізгі сот талқылауы басталды, деп хабарлайды QazTimes.
Мемлекеттік айыптаушы сотты жабық режимде өткізу туралы өтініш берді. Сотталушы тарап оны қолдады.
Абылай Мырзахметов ҚР ҚК 28-бабы 4-бөлігі, 367-бабы 4-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігі, 2-тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп айыпталуда.
Еске салайық, 2023 жылдың 10 мамырында 30 миллион доллар пара алды деген айыппен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ұсталды.
Абылай Мырзахметов өткен жылдың ақпан айынан бастап «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы лауазымын тапсырған болатын. Ол өзінің бұл шешімін Ұлттық палатаның IX кезектен тыс съезінде өз атына келіп түскен сынмен байланыстырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Абылай Мырзахметовтен 30 миллион доллар тәркіленген. Бұл 13 миллиард теңгеден асатын қаражат.