Т. Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институты жанында салынып жатқан сквер былтыр қолданысқа берілуі тиіс еді. Мердігер мен әкімдік арасында сот болып, құрылыс әлі аяқталмай тұр. Ал ақтөбеліктер болса мүлікті қиратуға көшкен.
Ақтөбе қаласындағы әйгілі әскери институт жанында тұрған жаңа сквер көпті өзіне тартады. Мұнда ұшақтар мен тікұшақтар тұр. Бәрі де бір кездері әскери мақсатта қолданылған. Бұл орын бұрын Отан қорғаушылар күні ашылып, танымдық шара өткізетін жер болса, әкімдік соңғы жылдары жерді алып, демалыс орнын ашуды жоспарлады. Бұл жердегі құрылыс былтыр аяқталуы тиіс болатын.


Айта кетейік, бұл жерге балалардың ойын алаңы салынып, адамдар жүруге арналған жолға ішінара тас төселген. Қоқыс жәшіктері де қойылған. Жоба құны — 130 млн теңге.
— «Ұшқыштар училищесі скверін» абаттандыруы тиіс мердігер ұйым — «Мегастройспектр» ЖШС. Келісімшартқа сәйкес жұмыстар 2023 жылдың желтоқсанында аяқталуы керек еді. «Мегастройспектр» ЖШС жұмысты мерзімінде аяқтамай, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мемлекеттік сатып алуға қатысуға лайықсыз деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу үшін сотқа талап арыз берді. Бұдан соң мердігер жұмыстарды биыл аяқтау туралы міндеттеме алды. Қазіргі уақытта жұмысты жалғастыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Қала тұрғындарынан жұмыстар аяқталғанға дейін алаңға бармауын, сондай-ақ ол жерде тұрған мүліктің бүлінуіне жол бермеуді сұраймыз. Егер сіздер вандалдық әрекеттердің куәсі болсаңыз, бұл туралы дереу полицияға хабарлауыңызды сұраймыз», — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе қаласындағы скверге кіру есігі жабық тұрғанымен, қоршаудың кетік жерінен оңай өтуге болады. Мұнда келген отбасылар балаларын ұшақ, тікұшақ ішіне кіргізіп, тіпті төбесіне мінуге, қанатында жүруге рұқсат беріп қойған. Мұнда полиция, күзет те көрінбейді.
