Былтыр әлем чемпионатына қатысқан ардагер спортшы Бөгежан Аманбаев бірінші және екінші орындарды жеңіп алғанымен, оған сыйақы тағайындалмаған. Бұл шешімге келіспеген ол министрліті сотқа берді.
Іс Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды. Гір спортынан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бөгежан Аманбаев Өзбекстанның Хива қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, 65-69 жас аралығындағы ардагерлер тобында бақ сынады. Ол екі рет бірінші және бір рет екінші орынды иеленді. Осы үшін де сыйақы алуы тиіс болғанымен, ақша бөлінбеді. Бұл олқылықты айтқан Бөгежан Аманбаев ҚР Туризм және спорт министрлігін сотқа берді.
«Ереже бойынша халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жеке спорт түрлері бойынша құрама командалардың мүшелеріне әр спортшыға әр орын үшін 100% мөлшерінде ақшалай көтермелеу төленеді. Бұл ретте спорт ардагерлеріне, халықаралық жарыстардың жүлдегерлеріне көтермелеу төлеуге тікелей тыйым салынбаған. Талап қоюшы 27 құрама команданың спортшыларымен қатар жарысқа қатысып, ҚР үшін өнер көрсетіп, қатысушы елдердің жалпы медальдық есебінде ескерілген жүлделі орындарға ие болған. Сондықтан жауапкердің ережеде ақшалай сыйақыны төлеу ұлттық құрама командасының мүшелеріне ғана көзделгені және бюджетте спорт ардагерлеріне ақшалай сыйақы төлеу бойынша шығыстар көзделмегені туралы дәлелдері дәрменсіз деп танылды. Талап қоюшыға ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту үшін жауапкерге негіз болмаған. Сот әкімшілік талапты қанағаттандырды. Министрлік талап қоюшыға әлем чемпионатындағы жүлделі орындар үшін ақшалай сыйақы төлеуге міндетті,- деп жазылған Жоғары сот таратқан хабарламада.
Ардагер спортшы Бөгежан Аманбаев қазір осы секілді бірнеше талап арызды сотқа түсіргенін айтты. Ол тек Хивадағы чемпионат емес, өзге жарыстардағы жеңісі үшін сыйақы алмаған.
«Сот отырысы кезінде министрлік түрлі дәлел ұсынып, сыйақы төлеуге қарсы болды. Сонымен бірге ардагер спортшыларды қатарға алғысы келмейді. Ардагерлер жастарға үлгі. Соны ұмытпау керек. Мен ғана емес, өзге спорт түрлерінің ардагерлері де сыйақы ала алмай жүр. Қазір Қазақстанда осы мәселе жиі көтеріле бастады», — деді Бөгежан Аманбаев.