«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалынан несие алу кезінде алаяқтық жасалған, деп хабарлайды SteppeNews.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 4 шаруа қожалығының өкілдері жалған құжаттарды пайдалып, асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға бөлінген мемлекеттік субсидиялар мен несиелік қаражатты қолды қылған. Алаяқтыққа барған үш азамат анықталған.
Олардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 1 млрд теңгеге жуық залал келтірілді.
Сотқа дейінгі тергеу барысында залал өтелді. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы аса ірі мөлшердегі алаяқтық үшін сот үкімімен үш адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктері мемлекет пайдасына тәркіленді.