Ақтөбелік әлеуметтік желі арқылы есірткі жасырып, сатқаны үшін бас бостандығынан айырылды. Ол үйіне бөгде біреу кірмек болды деп күдіктеніп, қорқып, екі рет полиция шақырған. Полиция сотталушының әрекетінен секем алып, тінту кезінде есірткі затын тәркіледі.
Іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотталушыға Қылмыстық кодекстің «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы психотроптық заттарды аса iрi мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау» бабы бойынша айып тағылды. Айыптау актісіне сүйенсек, Қарғалы ауданы Бадамша ауылының 24 жастағы тұрғыны 2022 жылы жұмыс іздеп жүріп, сайттан курьер ваканциясын кезіктіреді. Онда Telegram мессенджерінің «Макс» аккаунтына кезігіп, ескірткі заттарын жасырушыдан сақтаушыға айналады. Сөйтіп 2023 жылдың сәуір айында сотталушы таңертең біреудің есік қаққанын, сол үшін де полиция шақырғанын, ал құқық қорғаушылар келгенде ешкімнің анықталмағанын, кешке дәл осы жағдай қайталанып, қайтадан 102-ге қоңырау шалғанын, онда да ешкімді таппағанын айтты.
Сотталушы полиция кірген кезде ескірткі заты бар сөмкені терезеден сыртқа лақтырып жіберген. Полиция тергеп-тексеру кезінде 38 зип-пакет, 41 дана капсула, 180 ораманы табады. Онда салмағы 342,22 грамм Альфа–PVP, 7,48 грамм мефедрон болды. Сот отырысы кезінде сотталушы кінәсін мойындамады әрі ескірткіні өзі тұтынғанын айтты.
«Сот отырысында прокурор айыпты толық қолдап, сотталушыға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамай, өзі және оның қорғаушысы іс-әрекетін ҚК-тің 296-бабының 4-бөлігіне, яғни, психотроптық заттарды аса iрi мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз иемдену, сақтаған деп қайта дәрежелеуді сұрады. Сотта сотталушының қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән жайлар деп қылмысты алғаш рет жасауын таныды. Сот үкімімен Т Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1,3,5-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.