Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті балабақшаларға тауар жеткізетін кәсіпкерлердің бағаны шарықтатып жібергенін анықтады. Олар қарақұмық пен қант бағасын нарықтан 300-505 пайызға қымбатқа саудалаған.
Ақтөбе облыстық әкімдігі, Ақтөбе облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті мен Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті әлеуметтік тауар бағасына монторинг жүргізеді.
Сонымен бірге тауарды өндірушілерден делдалсыз сатып алу талаптарының сақталуына басымдық береді.
Биыл дәл осы талапқа сай келмейтін 6 деректі анықтап, делдалдардың жолын кесті.
Ал балабақшаларда мемлекеттік сатып алу кезінде баға тым шарықтап кеткен.
— Мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізу нәтижесінде кейбір азық-түлік өнімдерінде сауда үстемесі 22%-дан 505% пайызға негізсіз көтерілгені анықталды. Мысалы қала балабақшаларының біріне қарақұмық келісі 1356 теңгеге жеткізілген. Нарықтағы бағасы — 336 теңге. Демек бағасы 303% жоғары көтерілген. Сол мектепке дейінгі мекемелерде қант бағасы 875 теңгеден сатылған. Нарықтағы бағасы 344 теңге. Демек сауда үстемесі 154% артық қосылған. Осындай деректер қаламыздың 19 балабақшасында тіркелді. Барлық келісімшарт бойынша қосымша келісім жасалып, тауар бағасы 15 пайыздан 305 пайызға түсірілді. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылды,- деді Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисенбин.
Айта кетейік, Ақтөбе облысының әкімдігі азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін айналым схемасын пайдаланады. Бұл бағытта 3,9 млрд теңге бөлінді.
— Жергілікті тауар өндірушілердің өнімін төмен бағаға сатып алып, үлкен сауда желілері мен базарға төмен бағада беріп отырмыз. Қазір сиыр еті, тауық еті, сүт өндіретін шаруалармен келісім жасалды. Талап бойынша әлеуметтік тауар құнына тек 10-15% үстеме қосуға болады. Биыл бұл талапты сақтамаған 85 дерек анықталды. Барлығы 78 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл да салынды,- деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.