Ақтөбеде 13 жастағы балаға зорлық жасалған. Ақтөбе полициясы осы іс бойынша тергеу бастады.
Бұл жайында НеМолчиKZ қоғамдық қоры әлеуметтік желіде ақпарат таратты.
Оған сүйенсек, 13 жасар ақтөбеліктің әкесі зорлық жасаған ер адамды тауып, полицияға хабар берген. Ақтөбе қалалық полиция басқармасы 1 тамыз күні істі тіркеп, тергеу жүргізген.
Қор осы іс бойынша күдікке іліккен ер адам тергеу изоляторында емес, үйқамақта екенін жазып, дабыл қақты.
— 8 тамызда сот-медицина сараптамасының қорытындысы шыққан. Онда баланың денесінің зақымданғаны анықталған. Сексуалды зорлық туралы бүге-шүгесіне дейін айта алмаймыз. Бұл бір ғана жағдай емес. Тағы бір күдікті анықталды. Отбасылы ер адамның балалары бар, сонымен бірге зардап шеккен баламен құрдас біреуі. Оны ұстамаған. Әкесінің айтуынша, күдіктінің кәсібі бар, — деп жазылған қоғамдық қордың әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ақтөбе облыстық ПД қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын растады.
— Қазіргі кезде осы оқиға бойынша іc қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Кәмелет жасына толмаған балаға қатысты іс болған соң өзге ақпаратты бере алмаймыз, — деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.