Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаев қызметтік көлікті өз ауласына қойып, оны ұлы айдап кеткен. Полиция оның ұлын мас күйінде ұстап, әкімшілік жауапқа тартты. Ал мемлекеттік қызметші, әкесі бүгін Әдеп жөніндегі кеңесте сөгіс алды.
Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаевтің баласы Бауыржан Сағидуллаевтің ісі биыл маусымда қаралды. Іс материалына сүйенсек, Б.Сағидуллаев аулада тұрған әкесің қызметтік көлігін айдап кетіп, монша маңында мас күйінде ұсталған. Сот қаулысымен 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Бүгін осы іс Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, талқыланды.
«Қызметтік көлік мемлекеттік қызметті атқарушы үшін беріледі. Соны атқаратын уақытта ғана пайдалану керек. Жеке басына, отбасына арналмаған көлік. Көлікке таныс, туыс отыра алмайды, отыруға құқығы жоқ. Бұл жерде түн ортасында жүрген. Полиция ұстады, мас күйінде екені анықталды. Кішкентай мекеме емес, облыстық мекеме. Үйде болмағансыз, еңбек демалысында болдыңыз. Аулаңызда емес, мекеменің ауласына, болмаса ауыл шаруашылығына қатысты мекемелерде қалдыру керек еді. Мемлекеттік мүлік тек қызмет бабында пайдаланатын нәрсе. Сондықтан қатаң сөгіс беруді ұсынамын. Ұжымда емес, отбасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Әрбір іс-әрекет мекемеге, жеке басыңызға әсер етуі мүмкін. Айналып келгенде мемлекеттік қызметпен қоштасу да мүмкін», — деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов.
«Бәрі де рас. Қандай шешім шығарасыздар, соны қабылдаймын. Бұрыннан да мемлекеттік қызметте келе жатырмын. Ретін, заңдылықтарды білемін. Болашақта қызметті жалғастыра беремін деген ойым бар. Қай уақытта да Ақтөбе облысының өркендеуіне, көркеюіне қызмет жасап келе жатырмын», — деді Әділкерей Әуелбаев.