Алматының Түрксіб ауданында ескі тұрғын үйлерді жаңарту аясында жыл соңына дейін 13 үй салынады, деп хабарлайды QazTime.
Түрксіб ауданында 1247 үйдің 586-сында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде мәлімдеді. Оның айтуынша, жайлы қалалық орта құру – әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі.
Осы жылдың 2 тоқсанында 2 учаскеде тағы 13 үйдің құрылысын аяқтау көзделген: Кассин-Сейфуллин – 6 үй және Молдағалиев-Сауранбаев – 7 үй. Бұған қоса, «Алтай-2» шағын ауданында жеке құрылыс салушы 54 үйді жаңартуды жоспарлап отыр. Қазір 6 үй (43 пәтер) сатып алынып, 2 тоғыз қабатты үйдің (100-ден астам пәтер) құрылысы басталады.
2023 жылы Түрксіб ауданында барлығы 5 үй (121 пәтер) салынды, оған жақын маңдағы ескі үйлердің тұрғындары қоныс аударды.