Алматыда заңсыз салынған кезекті көлік жуу орны бұзылды. Бұл туралы қала құрылысын бақылау басқармасы мәлім етті.
Сот шешімімен Бұрындай көшесі 91/10 мекенжайында орналасқан көлік жуу орны сүрілді.
«Бұған дейін қала құрылысын бақылау басқармасы жер телімін жалға алған жеке тұлғаға бұзушылықтарды жоюға нұсқама беріп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын. Кейін сотқа заңсыз тұрғызылған нысанды бұзуға талап арыз түсірді», — деп атап өтті басқармадан.
Былтыр мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен нысан заңсыз деп танылып, талап-арыздар қанағаттандырылды. Нысанды бүгін жалға алушы азамат Әділет департаментінің сот орындаушыларының көмегімен өз бетінше бұзды.