Алматы қаласының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсұлтан Шоқанов ӨКҚ брифингінде мегаполис кәсіпкерлері үшін «Almaty Business» жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді.
Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, «Almaty Business» – бұл Өңірлік палата биыл жүзеге асырып жатқан бірегей жоба.
«Almaty Business порталы құрылуда. Оған 4 негізгі компонент кіреді: бизнеске арналған онлайн-қызмет, оқыту, сауалнамалар және сараптама. Онда біз кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бизнестің пайдасы үшін барлық цифрлық әзірлемелерді шоғырландыруға тырысамыз. Мұның бәрін біз қаланы дамытудың басымдықтарына байланысты жасаймыз», — деді ол.
Алматы қаласы ӨКП директоры кәсіпкерлерге арналған порталда 30 жуық онлайн-қызмет болатынын атап өтті. Сондай-ақ порталда 2 мыңға жуық кәсіпкерден тұрақты түрде сауалнама жүргізіледі. Сауалнамаға қатысушыларды 2026 жылға қарай 7 мыңға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар Almaty Business жобасы аясында 6 мыңға жуық кәсіпкер оқытылады.