Жыл басынан бері еліміздің аумағында 33 есірткі зертханасы жойылды. Бұл жайында Мәжілістің жанындағы Қоғамдық палата отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты.
«Елдегі есірткі ахуалы үш негізгі факторға байланысты: өзімізде өсетін канабис шикізатының болуы, солтүстік бағыт бойынша ауған героинінің трафигі, синтетикалық препараттардың таратылуы. Әсіресе, оңтүстік өңірлеріміз ірі көлік-логистикалық тораптарда орналасқан — Алматы қаласы, Алматы, Жетісу облыстары. Биыл аталған облыстарда синтетикалық есірткі өндіретін зертханалардың негізгі бөлігі байқалды. Жыл басынан бері құқық қорғау және арнайы органдармен 33 есірткі зертханасы жойылды. 10 тоннадан астам прескусорлар тәркіленді. Осылайша, тұтынуға дайын 1 тонна есірткі затының өндірісіне жол берілмеді. Бұл — шамамен 3 млн бір реттік доза және мыңдаған құтқарылған өмір», — деді Марат Қожаев.
Оның дерегінше, осы жылдың 4 айында есірткіге қатысты 2 729 құқық бұзушылық, оның ішінде 1 117 қылмыс әшкереленді.
«734 есірткі сату, 179 ірі көлемде есірткі сақтау фактісі анықталды. Есірткі бизнесі саласында ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басшылық жасаған үшін 11 қылмыстық іс қозғалды. 2 мың тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 234 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Соңғы 5 жылдың ішінде тұтынуға дайын синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келіден 1 тоннаға дейін күрт артты», — деді министрдің бірінші орынбасары.