Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын майшелпекке теңеді.
«Зейнетақы қорындағы, қанша түскенін, оның қалай азайып, көбейгенін қазір компьютерден телефондағы қосымшадан күнделікті көріп отырамыз. ӘМСҚ дегеніміз бір майшелпек. Бәріміз ай сайын ақша аударып жатырмыз. 10 жылда бір баратын шығармыз, бес жылда бір баратын шығармыз. Осы жауапкершілік мәселесін жетілдіріп, әр азаматтың қордағы ізін көрсету мүмкіндігі бар», — деп сұрады ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бұл мәселені реттеу келесі жылға қалдырылғанын айтты.
«ӘМСҚ-ға неше азаматтың қатысып жатқаны, қанша қаражат төленіп жатқаны туралы ақпараттың бәрі Еңбек министрлігінің жүйесінде толық көрініп тұр. Қордың интеграцияланған жүйесі болмағандықтан азаматтар өздеріне қанша қаражат түсіп жатқанын көре алмайды. Бұл жұмыстарды келесі жылдың аяғына дейін бітіреміз. Бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры сияқты әр азаматқа қанша қаражат түсіп жатқанын туралы ақпаратты беріп отырады. Биыл 49 ақпараттық жүйенің 22-сін биыл интеграциялап бітіреміз. Ал қалғанын келесі жылға қалдырып отырмыз», — деді вице-премьер.