Африка мемлекеттерінің қарызы 1 трлн долларға жетті. Бұл туралы Африка мемлекеттеріне арналған экономикалық комиссияның атқарушы хатшысы Клавер Гатете айтты, деп хабарлайды реселік ТАСС агенттігі.
Атқарушы хатшының сөзінше, Афиканың қарызының көбеюі ұзақмерзімді жеңілдікті қаржыландыру мен тікелей шетелдік инвестициялар және дамыту үшін бөлінетін ресми көмек көлемінің қысқаруымен байланысты болып отыр.
Ол сонымен қатар кейінгі кездегі климаттың өзгеруі Африкаға қиын соғып жатқанын, жыл сайын құрлықтың біріккен шығындарының көлемі 5% дейін ұлғайып отырғанын атап өтті.
«Африка мемлекеттерінің қарызы 1 трлн долларға жетті. Құрлықта орналасқан мемлекеттік қарызы көп әрбір үшінші мемлекет айтарлықтай қаржылай қиындықтарға тап болып отыр»,-деді ол.
БҰҰ мәліметінше, қазіргі таңда әсіресе Зимбабве, Гана және Эфиопия сияқты мемлекеттер өте қиын жағдайда қалып отыр.
Мемлекеттік қарыздар көлемінің өсуі тек Африкада ғана байқалып отырған жоқ. IFF Global debt monitor ұйымының санауынша, әлемде қарызы бар мемлекеттердің бәрінің берешегі 2024 жылдың бірінші тоқсанында 91,4 трлн долларды құрады.