Төтенше жағдайлар министрлігі 31 шілде күні ел аумағында қолайсыз ауа райы болатынын ескертті.
Ведомство дерегінше, республикамыздың көп бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай соғады, жел күшейіп, кей өңірлерде бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Оңтүстік және оңтүстік-батыста шаңды дауыл қаупі бар. Шығыс Қазақстан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында қатты ыстық болады. Бірқатар облыста өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр.
Астана: көшпелі бұлт, өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл. Таңертең тұман түсіп, күндіз жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде +12…+14 °C, күндіз +22…+24 °C.
Алматы: күндіз жаңбыр жауып, найзағай соғады. Жел екпіні кей кезде секундына 18 метрге жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде +20…+22 °C, күндіз +30…+32 °C.
Шымкент: жауын-шашынсыз, ашық ауа райы. Жел секундына 8–13 метр. Ауа температурасы түнде +18…+20 °C, күндіз +34…+36 °C.

