«Табиғатты қорғау — болашаққа қалдырған ең қымбат аманатымыз; әрбір сақталған көл, әрбір қорғалған құс пен жануар — келер ұрпаққа жеткен өмірдің үні» деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
«Ырғыз–Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесі 2007 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен құрылған. Ақтөбе облысында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтың басты мақсаты – Бетпақдала популяциясындағы ақбөкендерді, халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарды, сондай-ақ далалық экожүйелер мен олардың биоалуантүрлілігін сақтау және қалпына келтіру.
2016 жылы Үкімет қаулысына сәйкес резерват аумағы кеңейтіліп, қазіргі таңда оның жалпы көлемі 1 173 511 гектарды құрайды. Ал «Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалының» жерін қоса есептегенде ерекше қорғалатын аумақтың жалпы көлемі 1 469 511 гектарға жетеді.

Резерват Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Нұра, Тәуіп және Жайсаңбай ауылдық округтерінің аумағында орналасқан. Оның құрамына Атанбасы, Алакөл және Қосбүйрек табиғи учаскелері кіреді.
Бүгінде мекемеде 118 қызметкер еңбек етеді. Мамандар табиғи кешендерді қорғау, ғылыми зерттеу және мониторинг жүргізу, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қалпына келтіру, экологиялық ағарту және туризмді дамыту бағытында жұмыс атқарады.
Ырғыз өңірі су айдындарына бай аймақтардың бірі. Жалпы ауданда 95 көл болса, оның 66-сы резерват пен қаумал аумағында орналасқан. Бұл көлдер негізінен Ырғыз, Торғай және Өлкейік өзендерінің көктемгі тасқын сулары арқылы толығады.

Резерваттың табиғи байлығы да ерекше. Мұнда сүтқоректілердің 44 түрі, құстардың 250 түрі, балықтардың 9 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 14 түрі және жоғары сатыдағы өсімдіктердің 422 түрі кездеседі. Олардың арасында Қазақстанның және Халықаралық Қызыл кітапқа енген ақбөкен, Бобринский жарқанаты, шағыл мысығы мен сирек қызғалдақ түрлері ерекше қорғауға алынған.
Бүгінде «Ырғыз–Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» табиғи экожүйелерді сақтау, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, ғылыми зерттеулер жүргізу және экологиялық ағарту жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып, еліміздің табиғи мұрасын келер ұрпаққа аман жеткізуге үлес қосып келеді.
