STEPPENEWS.KZ: Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлының допинг сынағы оң нәтиже көрсеткенін және спортшының уақытша шеттетілген мәртебеде екенін растады. Бұл туралы sportarena.kz хабарлады.
ҚКБФ басшысы Рахимжан Ерденбековтің айтуынша, АҚШ-тағы VADA зертханасында тексерілген «В» сынамада тыйым салынған заттың бар екені анықталған. Қазіргі уақытта федерация істі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Себебі боксшы Қазақстан лицензиясымен өнер көрсетеді, ал оның соңғы жекпе-жегі Астанада ҚКБФ санкциясымен өткен.
Негізгі мәселе – тыйым салынған заттың спортшы ағзасына қалай түскені. Ол әдейі қабылданды ма, әлде кездейсоқ түсті ме? Осы сұрақтың жауабы анықталуы тиіс. Істің тыңдалуы халықаралық талаптарға сай, кінәсіздік анық-қанығына жету қағидатын сақтай отырып өтуде. Оған тәуелсіз сарапшылар мен Туризм және спорт министрлігінің өкілдері қатысып жатыр.
Рахимжан Ерденбеков 19 қаңтарда өткен отырыс барысында жаңа жайттар белгілі болғанын айтты. Алайда олардың мазмұны әзірге жария етілмейді. Сондай-ақ, тыңдау кезінде спортшыға қосымша сұрақтар қойылған.
Істің келесі кезеңі 23 қаңтарға жоспарланған. Тыңдаулар аяқталған соң материалдар WBO және IBF секілді халықаралық бокс ұйымдарына жолданады. Олар чемпиондық белбеулердің алдағы тағдырына қатысты шешім қабылдайды.

