Дубайда өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында Қазақстанның голболдан ұлттық құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізіп, алтын медаль жеңіп алды. Бұл — қазақстандық голболшылардың аталған жарыстағы алғашқы жеңісі.
«Жарыс барысында барлығы алты ойын өткіздік. Спортшылар жарысқа жақсы дайындықпен келді. Мемлекет қолдауымен Алматы мен Астанада оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Нәтижеге көңіліміз толады. Команда құрамындағы алты спортшының төртеуі үшін бұл алғашқы халықаралық жарыс болғанына қарамастан, олар өздерін жоғары деңгейде көрсете білді», — деді голболдан бас бапкер Андрей Шпехт.
Турнирге Қазақстанмен қатар Оңтүстік Корея, Иран, Таиланд және Сауд Арабиясының командалары қатысып, жарыс айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы ойындарда қазақстандық команда Оңтүстік Кореядан 9:10, Ираннан 3:5 есебімен жеңіліс тапты. Алайда кейінгі кездесулерде команда тактикалық өзгерістер енгізіп, ойын сапасын айтарлықтай жақсарта алды.

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы Сауд Арабиясын 12:7, Таиландты 11:1 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне өтті. Жартылай финалда қазақстандық голболшылар Иран командасынан 7:5 есебімен басым түссе, финалдық кездесуде Оңтүстік Кореяны 9:6 есебімен жеңіп, жарыстың алтын жүлдесін иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды. Күміс жүлде Оңтүстік Корея командасына бұйырса, қола медаль Иран құрамасына табысталды.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары 10–13 желтоқсан күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтті. Байрақты додаға 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 9 спорт түрінен сынға түсіп, жалпы есепте 68 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола жүлде бар.

