STEPPENEWS.KZ: Соңғы уақытта Қазақстанның туристік әлеуеті халықаралық деңгейде кеңінен таныстырылып, саладағы сапа стандарттары күшейтіліп келеді. Сонымен қатар, елдің сыртқы саяси және конституциялық даму бағытында да маңызды қадамдар жасалуда.
Нидерланд журналы Қызылқұп шатқалын мұқабаға шығарды
Бенилюкс елдері жаңа туристік бағыттарды іздестіру аясында Қазақстанға, оның ішінде Маңғыстау өңіріне ерекше қызығушылық танытуда. Нидерланд пен Бельгияның танымал басылымдары Қазақстанды шетелдік аудиторияға тартымды саяхат бағыты ретінде таныстырды.
Нидерланд Корольдігінің Travel Book журналы Маңғыстау облысы мен Астанаға арнайы материал арнап, жаңа санының негізгі визуалдық басымдығын Қызылқұп шатқалының көріністеріне берді. Басылымда Бозжыра, Торыш және Қызылқұп шатқалдарының бірегей табиғи ландшафттары ерекше аталып, олардың әлемде баламасы жоқ екені айтылған. Журнал Нидерланд пен Бельгия аумағында таратылады.
Мақала авторы өзінің саяхат тәжірибесін бөлісе отырып, Маңғыстауды Марс немесе Аймен салыстырады. Оның айтуынша, Бозжыра алқабындағы ақ түсті шатқалдар мен ерекше пішіндегі жартастар, түрлі-түсті «тирамису таулары» атанған Қызылқұп шатқалы және мыңдаған дерлік мінсіз дөңгелек тастардан тұратын Торыш – саяхатшыны таңғалдырмай қоймайтын табиғи нысандар.
Сондай-ақ, таралымы шамамен 280 мың дана болатын бельгиялық Papillio лайфстайл журналы да Маңғыстау облысын сирек кездесетін ландшафттары бар ерекше туристік бағыт ретінде таныстырды. Бұдан бөлек, өңірдің визуалды материалдары нәзік жанды саяхатшыларды біріктіретін халықаралық She Is Not Lost платформасында жарияланды.
Айта кетейік, биылғы күзде Бенилюкс елдерінің медиа өкілдері Қазақстанға арнайы сапармен келіп, Маңғыстау облысының туристік әлеуетімен танысқан болатын.

