STEPPENEWS.KZ: Қазақстан халықаралық туристік аренадағы орнын біртіндеп күшейтіп келеді. Беделді Bloomberg басылымы Алматы қаласын 2026 жылы саяхаттауға тұрарлық әлемдегі ең үздік 25 туристік бағыттың тізіміне енгізді.
Басылым Алматының туристік әлеуеті тұрақты өсіп келе жатқанын және оның жыл он екі ай бойы сұранысқа ие қала екенін атап өтеді. Қаланың мәдени өмірі, бай тарихи мұрасы, гастрономиялық ерекшеліктері мен табиғи аймақтарға жақын орналасуы туристерді ерекше қызықтырады.
«Орталық Азия кеңістігінде шығармашылық серпін айқын сезіледі. Елдің ең ірі қаласының танымалдығы артып келеді: 2025 жылдың тоғыз айында Алматыға 2,5 миллион турист келген. Бірі алтын күмбезді Зеньков соборын, дәмдеуіштер, бал мен жылқы етінен жасалған шұжықтар сатылатын Жасыл базарды тамашалау үшін келсе, енді бірі қала маңындағы Іле Алатауындағы Альпі көлдері мен тау шаңғысы аймақтарына бет алады. Мәдениет саласына бағытталған ауқымды инвестициялар бұл көрсеткіштердің одан әрі өсуіне ықпал етеді», — деп жазады Bloomberg.
Сондай-ақ басылым Алматыдағы демалыстың маусымдық мүмкіндіктеріне ерекше тоқталады. Қыс мезгілінде туристерге Шымбұлақ тау-шаңғы курорты ұсынылады.
«Bloomberg нұсқасы бойынша Қазақстанның әлемдегі ең үздік 25 туристік бағыт қатарына енуі — маңызды халықаралық мойындау. Бұл Visit Almaty ұйымының қаланың туристік тартымдылығын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі. Сонымен қатар еліміздің жаһандық туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артып, халықаралық аудиторияның Қазақстанға деген қызығушылығы күшейгенін көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстан жетекші әлемдік БАҚ рейтингтерінде жиі атала бастады», — деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Bloomberg-тің жыл сайынғы рейтингі туристік трендтерді талдау және сала сарапшыларының пікірлері негізінде қалыптастырылады.

