STEPPENEWS.KZ: Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанның Каспий құбыр консорциумы (КҚК) үшін екі жаңа қашықтан айлақтық құрылғы (ВПУ) сатып алатынын мәлімдеді. Бұл шешім елді алдағы қаржылық шығындардан қалай қорғайтынын Qazaq Expert Club сарапшысы Саида Тілеуленова түсіндіреді.
«Қазақстан мұнайы экспортының негізгі үлесі осы ВПУ-лар арқылы өтеді: КҚК еліміздің барлық экспорттық тасымалының шамамен 80%-ын қамтамасыз етіп отыр. Оқыс оқиғаға дейін терминал «2 жұмыс істейтін + 1 резервтік ВПУ» схемасымен жұмыс істеген болатын. ВПУ-2 құрылғысының істен шығуы жүйенің өткізу қабілетін төмендетіп қана қоймай, инфрақұрылымның тұрақтылық қорын да жойып жіберді.
ҚР Энергетика министрлігінің дерегінше, шығын шамамен 3,8 млн тонна мұнайды құрады. 2025 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 80 доллар болғанын (ал 1 тоннада шамамен 7,3 баррель бар екенін) ескерсек, бюджетке шамамен 2,2 млрд доллар түспей қалды. Бұл — Қазақстанның жылдық мұнай экспортының 3–4 пайызына немесе ел ЖІӨ-нің 1 пайызына тең орасан зор сома.
Экономикалық зардаптар нарықта қазірдің өзінде сезіліп жатыр: танкерлерді сақтандыру сыйлықақылары өсіп, логистикалық шығындар көбейді, сондай-ақ қазақстандық мұнай бағасындағы геосаяси «тәуекел үстемесі» де артты.
КҚК — жай ғана инфрақұрылым нысаны емес, бұл — Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігінің тамыр соғысы. Оның айналасындағы кез келген тұрақсыздық біздің жаһандық энергетика нарығындағы келіссөз жүргізу қабілетімізді әлсіретеді.
Қысқа мерзімді перспективада жаңа ВПУ-ларды сатып алу — дұрыс әрі дер кезінде қабылданған дағдарысқа қарсы шешім. Дегенмен, бұл жағдай ұзақ мерзімді стратегиялық тұрғыдан Қазақстанға экспорттық бағыттарды әртараптандыруды тездету және теңіз инфрақұрылымының қауіпсіздігі бойынша халықаралық үйлестіруді күшейту қажеттігін тағы да ұқтырып отыр».

