«Бұрын мен сияқты адамдардың көпшілігі Қытайға жекпе-жек өнері мен ушяға қызығып келетін. Ал қазір жаңа шетелдік студенттерден: «Қытайға не үшін келдіңіз?» деп сұраймын. Олар мәдениет пен өнерді — кескіндемені, каллиграфияны, музыканы, «Дао дэ цзинді» зерттеу үшін келгендерін айтады», — деді Қытайдың Уданшань тауында көп жылдан бері жекпе-жек өнерімен айналысып жүрген америкалық Джек Пинник «Саньлихэ» басылымына берген сұхбатында.
Оның бұл байқауы жыл басынан бері әлемнің түкпір-түкпіріндегі Z буыны арасында таралып жатқан жаңа трендпен тұспа-тұс келді. Қазір шетелдік жастар Қытайға жай ғана қызығушылық танытып қоймай, қытайлықтар сияқты өмір сүруге ұмтыла бастаған.
Шетелдік әлеуметтік желілерде Қытайға қатысты түрлі хэштегтер бірінен соң бірі танымал болып жатыр. Олардың қатарында саяхатқа арналған «China Travel», жазғы демалысқа қатысты «China Cool», сондай-ақ «Becoming Chinese», «NewlyChinese» сияқты бағыттар бар.
Алайда олардың ішінде Z буыны арасында ең көп таралған трендтік сөз — «Chinamaxxing». Осы хэштегке қатысты жарияланымдардың қаралымы 4 миллиардтан асып кеткен.
«Chinamaxxing» сөзін тура мағынасында «барынша қытайлану» деп түсіндіруге болады. Бұл тренд аясындағы ең танымал мемдердің бірі — «You met me at a very Chinese time in my life», яғни «Сен мені өмірімнің қытайлық кезеңінде кездестірдің» деген мағынаны білдіреді.
Танымал видеоларда шетелдік жастар ыстық су ішіп, үйде тәпішке киіп, қытай тағамдарын дайындауды үйреніп жүр. «The Guardian» мәліметінше, мұндай контент авторларына жүздеген мың қаралым әкелген.
Лондонда орналасқан сән бренді негізін қалаушы Мишель Ши бұл трендті: «Ата-бабаларының шыққан тегіне қарамастан, адамдар қытайлықтарға көбірек ұқсауға тырысып жатыр», — деп сипаттайды.
Қытайға көзқарас қалай өзгерді?
Неліктен дәл қазір қытайлық болу немесе қытай мәдениетіне жақын болу жастар арасында «крутой» трендке айналды?
Мұның басты себептерінің бірі — Z буынының Қытайды қабылдау тәсілінің өзгеруі. Бұл буын газеттерді сирек оқиды, теледидар жаңалықтарын да көп көрмейді. Оның орнына TikTok пен Instagram-ды ақтарып, YouTube-тағы влогтарды тамашалайды.
Шетелдік дәстүрлі ақпарат құралдарында Қытай көбіне геосаясат, сауда қақтығыстары және идеология сияқты ауқымды тақырыптар арқылы сипатталады. Ал әлеуметтік желілердегі Z буынының назарын Қытай қалаларының киберпанктік түнгі көріністері, жылдам әрі тұрақты жүретін жоғары жылдамдықты пойыздар, көшелердегі электромобильдер және қонақүйлерге тапсырыс жеткізетін роботтар тартады.
Мұндай көріністерді экраннан жиі көрген сайын жастар Қытайды өз көзімен көруге қызыға түседі. Нәтижесінде олардың бір бөлігі ұшақ билетін сатып алып, Қытайға жеке сапармен бара бастайды.
Биылғы жылдың алғашқы жартысында Қытайға кірген шетел азаматтарының саны 22,9 миллионға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,4%-ға артқан. Олардың сапарлары Қытайдың 500-ге жуық қаласын қамтыған. Бұл ретте елге келу мақсаты тек туризммен шектелмейді.
Бірқатар БАҚ мәліметінше, туристік нысандарда көптеген шетелдік жастар бір сәтке «өткенге оралуды» таңдап, ханьфу киіп, қытай мәдениетіне еніп жүр.
Сауда орталықтарында шетелдік туристер отбасыларымен қытайлық брендтерді аралап, жергілікті дизайнерлердің түпнұсқа өнімдерін арнайы сатып алады. Ал кейбір шетелдіктер «технологиялық туризмді» таңдап, жаңа энергетикалық көлік шығаратын зауыттарға барады немесе гуманоид роботтардың бокс жекпе-жегіне қатысуын тамашалайды.
Қысқа видеолардан көріп, Қытайға баруға қызыққан жастар кейін өз сапарларынан түсірілген кадрларды шетелдік әлеуметтік желілерде жариялайды. Осылайша үздіксіз цикл қалыптасып, «Chinamaxxing» тренді одан әрі тарала түседі.
Трендтің астарында не жатыр?
Бұл құбылыстың артында тағы бір терең себеп — шетелдік жастардың, әсіресе америкалық Z буынының өз елдеріндегі өмір шындығына көңілі толмауы.
CNN мәліметінше, «Chinamaxxing» трендінің жылдам таралуы америкалықтардың бір бөлігінің саяси тұрақсыздыққа, атыс қаруымен жасалатын зорлық-зомбылыққа, иммигранттарға қатысты қысымға және әлі де жалғасып келе жатқан нәсілдік шиеленіске байланысты алаңдайтынын көрсетеді.
Бұл жағдай америкалық жастардың әлемді сырттан көруге, басқа елдердің өмір салтымен танысуға деген қызығушылығын арттырып отыр.
Сәуір айында Pew Research Center жариялаған мәліметке сәйкес, 50 жастан асқан америкалықтар Қытайды қарсылас ретінде қабылдауға көбірек бейім, ал жастардың Қытайға көзқарасы әлдеқайда ашық.
Яғни өзгерген Қытайдың өзі емес, Қытайға қарайтын адамдардың көзқарасы.
Қытайдың «жұмсақ күші» артып келеді
Британдық Brand Finance консалтингтік компаниясының 2026 жылғы Global Soft Power Index рейтингі бойынша Қытай 73,5 балл жинап, әлемде екінші орынға шыққан. Қытай алғашқы ондықтағы көрсеткішін өсірген жалғыз мемлекет болды.
АҚШ әлі де бірінші орында тұрғанымен, 193 елдің ішінде көрсеткіші ең көп төмендеген мемлекет ретінде тіркелді. Ал «бедел» субиндексінде Қытай айтарлықтай көтеріліп, алғаш рет АҚШ-тан озған.
Сонымен қатар қытайлық мәдени өнімдердің әлемдегі танымалдығы да артып келеді.
Мысалы, биыл маусым айындағы жағдай бойынша «Black Myth: Wukong» компьютерлік ойынының әлем бойынша сатылымы 30 миллион данадан асқан. Оның жартысынан астамы шетел нарығына тиесілі.
Ал өткен жылы Labubu ойыншықтарының 100 миллионнан астамы сатылып, брендтің бизнесі әлемнің 100-ден астам елі мен өңірін қамтыған. Биыл бұл кейіпкер әлем чемпионатының ашылу салтанатында да көрсетілді.
«The Wall Street Journal» басылымы мұндай коммерциялық жетістіктер Қытайдың «жұмсақ күшінің» сипатын қайта қалыптастырып жатқанын атап өткен.
Бұрын Қытайдың имиджін қаралау үшін бір видеоны мұқият өңдеу жеткілікті болуы мүмкін еді. Қазір жағдай өзгерді. Бұл процестің нәтижесін бірнеше ұрпақтың өлшемімен бағалауға тура келуі мүмкін.
Себебі ұшаққа билет сатып алып, Қытайға өз көзімен барған жастардың санасында қалыптасқан ел бейнесін бұрынғы қалыптасқан түсініктермен өзгерту барған сайын қиындай түсуде.
