STEPPENEWS.KZ: OpenAI компаниясы OpenAI for Countries жаһандық бағдарламасы аясында Edu for Countries бастамасын іске қосты. Қатысушы елдердің алғашқы легіне Эстония, Сингапур, БӘӘ, Иордания және Грекиямен бірге Қазақстан да кірді. Бұл ChatGPT Edu мамандандырылған нұсқасын еліміздің білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізудің басталғанын білдіреді.
Жоба 2025 жылғы қарашада Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары барысында жасалған уағдаластықтар негізінде жүзеге асырылуда. OpenAI, Freedom Holding Corp. және Bilim Group арасындағы серіктестік аясында іске асатын бұл бастама мемлекеттік бюджетті қажет етпейді — барлық шығындар жеке қаражат есебінен жабылады.
Ұлттық білім беру жүйесіне қолдау Бағдарлама аясында еліміздің білім беру ұйымдарына 165 000 тегін лицензия беріледі. Оның 100 мыңы мектеп және колледж педагогтеріне, 62,8 мыңы жоғары оқу орындарының оқытушыларына, ал 2 200-і Astana Hub қатысушыларына үлестірілмек.
Мұғалімнің интеллектуалдық көмекшісі Елдің білім беру саясаты «Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, оның мүмкіндіктерін күшейтеді» деген қағидаға негізделген. ChatGPT Edu педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайтып, үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) оқу материалдарын, тесттер мен тапсырмаларды жедел әзірлеуге көмектеседі. Сонымен қатар, ЖИ оқушылардың жеке қажеттіліктеріне сай сараланған оқу үдерісін құруға және сапалы кері байланыс беруге мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік және біліктілікті арттыру Жоба аясында ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғауға ерекше көңіл бөлінген. 2026 жылғы қаңтардан бастап OpenAI мамандарымен бірлесіп педагогтердің AI-сауаттылығын арттыру бойынша оқыту шаралары басталады.
Бұл қадам Қазақстанда жасанды интеллектіні тек пайдалануды ғана емес, оны саналы әрі жасампаз түрде қолдана алатын, болашақтың сын-қатерлеріне дайын академиялық орта қалыптастыруды көздейді.

