Қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен дамуы оның геосаяси жағдайы мен көшпелі мәдениетіне
тікелей байланысты болды. 20 ғасырда өнердің бұл түрі бойынша еліміз басқа мемлекеттерге қарағанда едәуір артта еді. Себебі, шағын қалалар мен ауылдарда суретшілер мен кәсіби білім беру орындары аз еді. Кеңес дәуірінде бейнелеу өнері көбіне идеологиялық мақсатта дамытылды. Суретшілердің шығармашылық еркіндіктері шектеліп, ұлттық дәстүр мен қазақы болмыс толық көрініс таба алмады.
Алайда тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ бейнелеу өнері жаңа тыныс алды. Қазіргі заман суретшілері дәстүр мен заманауи идеяларды ұштастыра отырып, ұлттық болмысымызды халықаралық аренада танытуға күш салып келеді. Мұндай жаңа есімдерге бірнеше
- Динара Дүкенбаева кәсіби суретші болмаса да, талантын дер кезінде дамыта білген жан. Бала күнінен сурет салғанымен болашаққа қойған мақсаты тіпті басқа еді. Дегенмен, ол иллюстрация, шарж және каррикатура бағытында жаңаша стиль қалыптастырды. Оның суреттеріне қарасаң пейзаж бен натюрмортты бір сәтке ұмытып, бейнелеу өнерінің басқа әлеміне түсіп кеткендей боласың. Себебі, Динараның шығармашылығы әзіл, иррония, күлкілі мен келекеге толы.

Динара Дүкенбаева 

- Әсем Сүлейменова ұлттық стиль мен қазақы нақышты қағаз бетіне түсіреді. Ол көбіне жылқы, шаңырақ, ою, тұмар сынды ұлттық рәміздер мен дәстүрлі бейнелерді салғанды ұнатады. 2023 жылы Golden Time Talent” атты британдық халықаралық байқауда 190 картина арасынан “Кескіндеме” номинациясында бірінші орын алды. Жеңіс әкелген жұмысы — “Ана мен бала” атты картина.

«Ана мен бала» картинасы 
Әсем Сүлейменова 
- Анар Абжанова — нағыз пейзажшы, табиғат пен қала көрінісін барынша детальды, нәзік бояумен жеткізетін қазақстандық заманауи суретші. Оның кескіндемелерінде жарық пен түс, көлеңке мен контраст арқылы атмосфераны сездіруге тырысады. Даладағы самал, орман мен таулар, қала көшелері — бәрі де жай ғана фон емес, көрерменге әсер ететін жанды орта. Анар тек табиғатты емес, өзінің туған қаласы — Алматы мен оның архитектурасын да суретке түсіреді. Көгілдір түстер палитрасымен, қысқы жарық пен көктемгі гүлдердің реңктерімен суреттелген суреттер арқылы ол қала мен табиғат арасындағы үйлесімдікті көрсетеді.

Анар Абжанова - Әсел Сабыржанқызы — әлеуметтік желіде кілем бетіне портрет салатын ерекше суретші ретінде танылған. Ол тек кәдімгі кенепке емес, ұлттық нақыштағы кілемге сурет салу арқылы қазақ ономастикасын, тарихын, мәдениетін және заманауи эстетиканы біріктіреді. Әсел әр галерея картиналары сияқты емес — кілемді ұлттық мәдениеттің символы деп қарастырады. Сондықтан оның туындылары тарихи тұлғалардың бейнелері, мифологиялық образдар, Дженнифер Лопез, Джекки чан сынды заманауи жұлдыздардың портреттерін бейнелейді.

Әсел Сабыржанқызы - Айғана Ғали – қазір Лондонда тұратын, бірақ Қазақстанда туған халықаралық деңгейдегі суретші. Оның өнері кенеп пен текстильден бастап, мүсінге дейін кең ауқымды қамтиды. Яғни, ол тек бір стильге байланып қалмай, әртүрлі материал мен форматта жұмыс істейді.

Айғана Ғали
Steppe сериясы арқылы ол туған халқының кең даласы, қоңыр төбелері мен аспанмен үндесуі, табиғат пен кеңістіктің шексіздігі секілді ішкі сезімін жеткізеді. Оның картиналары қазақ даласының рухани кеңістігі мен ежелгі әлемнің символдық тілінде көрерменмен тілдесетін терең мәні бар туындылар.
Алтынай ҚАРАШ
