Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қызметтік иттердің рөлі айрықша. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланында асыл тұқымды қызметтік иттердің саны жыл сайын артып келеді. Биыл Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміндегі кинология орталығында бельгиялық, голландиялық және неміс овчаркаларынан 42 күшік дүниеге келді.
Арнайы іріктеуден өткен күшіктер болашақта жауынгерлік және күзет қызметіне дайындалып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалыспақ. Жыл басынан бері олардың 12-сі өзге әскери бөлімдерге жіберіліп, қызмет қатарын толықтырды. Қазіргі таңда кинология орталығында 30-ға жуық күшік тәрбиеленіп жатыр.
— Алғашқы 45 күнде күшіктер енесінің сүтімен қоректенеді, кейін құрғақ азыққа көшіріледі. Одан соң оларды қоршаған ортаға бейімдеу жұмысы жүргізіледі. Үш ай толғанда түрлі кедергілер алаңына шығарылады. Бұл кезде олардың есту дағдысын дамыту маңызды, сондықтан әрқайсына есім беріледі. Кейін “отыр”, “тұр”, “жат” секілді пәрмендер үйретіледі. Бұдан кейін тапсырмалар күрделеніп, иіс арқылы зат іздеу кезеңіне өтеді, — деді кинология орталығының офицері майор Жантөре Мендиоразов.

Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында мыңға жуық қызметтік ит қызмет атқарып келеді. Тек соңғы 10 айдың ішінде олардың көмегімен 120-дан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Кинология орталығында өсіп келе жатқан жаңа буын осы жауапты міндетті лайықты жалғастыруға дайын.
Айта кетейік, қызметтік иттерді күтіп-баптау және даярлау жұмыстары ҚР ІІМ Ұлттық ұланында асыл тұқымды иттерді өсіруді ұйымдастыруға арналған тиісті нормативтік құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Тілші: Дария ЯХИА

