STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалалар мен елді мекендерде қоғамдық тәртіп пен абаттандыру талаптарын бақылауды күшейтуге бағытталған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер 2026 жылғы наурыз айында күшіне енетінін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған заңға сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстардың жергілікті атқарушы органдарына қоғамдық кеңістіктерді ластағаны мен абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 434-2 және 505-баптары бойынша әкімшілік хаттама толтыру өкілеттігі берілді. Бұған дейін мұндай шараларды тек құқық қорғау органдары ғана қолдана алатын.
Жаңа өкілеттіктер рұқсатсыз қоқыс төгу, жасыл аймақтарға зиян келтіру және қалалық инфрақұрылым нысандарын бүлдіру сияқты құқық бұзушылықтарға жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, өткен жылы ғана осындай заңбұзушылықтар үшін 591 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 189 мыңнан астамы қоғамдық орындарды ластағаны үшін, ал 403 мыңнан астамы абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін жазаланған.
Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 5,2 млрд теңгені құрады.
Министрлік бұл өзгерістер құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттырып қана қоймай, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал ететінін атап өтті.

