STEPPENEWS.KZ: Атырау қаласында 19 жастағы бойжеткенге жасалған қатыгез шабуыл дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға 8 наурыз күні таңертең болған. Қаланың 21 жастағы Әлішер есімді тұрғыны бірнеше сағат бойы бойжеткенді соққыға жығып, пышақпен жарақаттаған және оның ар-намысына тиетін ауыр сөздер айтқан. Сондай-ақ, күдікті бұл әрекеттерін ішінара әлеуметтік желідегі сторис пен Telegram мессенджеріне жариялап отырған.
Зардап шеккен бойжеткен денесі мен аяғындағы көптеген жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған қажетті медициналық көмек көрсетті, қазіргі уақытта денсаулық жағдайы нақтылануда. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 110-бабы (Қинау) және 147-бабы бойынша іс қозғалып, тергеу басталды.
Атырау облыстық полиция департаменті 21 жастағы күдіктінің тұлғасы анықталғанын және тиісті сот сараптамалары тағайындалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Атырау қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2026 жылғы 9 наурыздағы қаулысымен бұл азамат «Ұсақ бұзақылық» және «Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу» баптары бойынша кінәлі деп танылып, 30 тәулікке қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жариялауға жатпайды.

