STEPPNEWS.KZ: Алматы қаласында екі тұрғын үй кешенінің құрылысы уақытша тоқтатылды. Жұмыс сапары барысында Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов халықаралық әуежайға іргелес аумақта орналасқан бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысын тексерді.
Тексеру нәтижесінде «Bastion» тұрғын үй кешенінің құрылысы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардың тиісті келісімінсіз және рұқсат құжаттарынсыз жүргізілгені анықталды.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әуеайлақ маңындағы және белгіленген күзет аймақтарында ғимараттардың биіктігіне шектеу қойылады. Бұл аумақта салынатын барлық нысан міндетті түрде тиісті келісім алуы тиіс. Құжаттар болмаған жағдайда құрылыс жұмыстары тоқтатылады, ал қажет болған жағдайда нысан сүрілуі мүмкін», — деді Бейбіт Шаханов.
Сондай-ақ «Dream City Tech» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында құрылыс салушы қасбетті бекітілмеген жобаға сай қаптай бастағаны белгілі болды.
Қала әкімінің орынбасары «Шығыс қақпасы» полиорталығы аумағындағы барлық құрылыс нысандары бекітілген бірыңғай сәулеттік тұжырымдамаға қатаң сәйкес келуі тиіс екенін атап өтті.
Аталған заңбұзушылықтарға байланысты екі нысанда да барлық құрылыс жұмыстары қажетті келісімдер мен рұқсаттар алынғанға дейін тоқтатылды.

