STEPPENEWS.KZ: Алматы Қазақстандағы ауасы ең ластанған қалалардың қатарына енді. Экология министрлігінің мәліметінше, Алматыдағы атмосфералық шығарындылардың 60 пайызы автокөлікке тиесілі. Ал 12 пайыздан астамы жеке тұрғын үйлер мен шағын қазандықтардың үлесінде.
Мәселені шешу жолдарын қарастыру барысында министрлік Бейжің қаласының тәжірибесін зерттеген. Онда ауа сапасы электр көлігін дамыту, экологиялық аймақтар енгізу және өнеркәсіп орындарын қатаң бақылау арқылы жақсартылған.
Министрлік әкімдіктерге 2028 жылға дейін мынадай шараларды жүзеге асыруды тапсырды:
• жеке секторды субсидиялау тетігі арқылы кезең-кезеңімен газға көшіру;
• шағын қазандықтар мен дәмханаларда қатты отынды пайдалануға тыйым салу;
• нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу;
• қоғамдық көлікті электр және газ отынына көшіру;
• көлік қозғалысында «жұп–тақ күн» тәртібін енгізу және экологиялық аймақтарды белгілеу;
• өндірістік аймақтардың айналасында жасыл белдеу қалыптастыру.
Сонымен қатар министрлік әкімдіктердің ауа ластануын есептеу жұмыстарын жүргізіп, оны азайтуға бағытталған нақты шаралар әзірлеуін тұрақты бақылауда ұстайды.

