STEPPENEWS.KZ: Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр. Жоспарланған өзгерістер туралы бұрынғы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.
Комиссия отырысында ұсынылған басты бастамалардың бірі – қазіргі Парламентті бір палаталы форматқа көшіру және оны Құрылтай деп атау. Бұл атау қазақ парламентаризмінің тарихи тамырына құрмет белгісі ретінде ұсынылып отыр. Жаңа Құрылтай құрамында 145 депутат болуы мүмкін.
Депутаттарға қойылатын негізгі талаптар қазіргі Мәжілістегі нормалармен бірдей сақталады. Атап айтқанда, үміткердің жасы 25-тен кем болмауы және Қазақстанда кемінде 10 жыл тұрақты тұруы қажет. Ал қосымша талаптар кейінірек конституциялық заңмен бекітілуі мүмкін.

Сайлау жүйесіне қатысты да маңызды өзгеріс ұсынылды. Жаңа Парламентке сайлау тек партиялық тізім бойынша өткізіліп, жүйе толықтай пропорционалды форматқа ауысады. Бұл шешім партиялардың рөлін күшейтіп, олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жыл болады. Бұл мерзім Парламент құрамын жаңартып отыру үшін оңтайлы деп бағаланып отыр.
Отырыс барысында вице-президент институтын енгізу мәселесі де көтерілді. Ұсынысқа сәйкес, вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды, ал қызметтен босату құқығы тек Президентке тиесілі болады.
Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасымен елді шетелде таныстырып, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп әрекет етеді. Сонымен қатар қоғамдық, ғылыми және мәдени ұйымдармен жұмыс істейді. Оның басқа да өкілеттіктерін Президент өзі тағы да айқындайды.
Жаңа өзгерістерге сай, Конституциядан мемлекеттік кеңесші туралы норма алынып тасталуы ықтимал. Сондай-ақ вице-президент қызмет атқарған кезеңде депутат бола алмайды, бизнес жүргізуге және партия мүшесі болуға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, Президент өкілеттігін беру тәртібін де қайта қарау ұсынылды. Егер Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, өкілеттік алдымен вице-президентке, кейін Құрылтай төрағасына, одан соң Премьер-министрге өтеді. Ал жаңа Президент сайлауы екі ай ішінде өтуі тиіс.

