Қазақстанда басталған халықаралық музыкалық жоба Silk Way Star екінші маусымын Қытайда жалғастырды. Байқаудың алғашқы шығарылымы CCTV телеарналары мен цифрлық платформаларда көрсетіліп, Қазақстан атынан қатысып жатқан Рухия Байдүкенова алғашқы турда жеңіске жетті, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Екінші маусымға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Вьетнам, Малайзия, Түркия, Сербия, Оңтүстік Африка Республикасы, Жаңа Зеландия, Бразилия және Грузиядан өнерпаздар қатысып жатыр.
Қазақстанның атынан әнші Рухия Байдүкенова өнер көрсетуде. Байқаудың алғашқы шығарылымында ол қазақтың халық әні «Бұлбұлды» орындап, бірінші турдың жеңімпазы атанды.


Жобаның жаңа маусымы Қытайдың Иу қаласында өтіп жатыр. Ал алғашқы шығарылымы CCTV-3 және CCTV-15 телеарналарында, сондай-ақ CCTV.com мен CCTV Arts цифрлық платформаларында көрсетілді.
Silk Way Star қалай басталды?

Silk Way Star халықаралық музыкалық жобасы алғаш рет 2025 жылы Қазақстанда ұйымдастырылды. Жобаны Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың China Media Group медиакорпорациясы бірлесіп жүзеге асырды.
Бірінші маусымға 12 елдің өнерпаздары қатысып, байқау 10 шығарылымнан тұрды. Жоба алғаш рет 2025 жылғы 20 қыркүйекте эфирге шықты. Оның негізгі мақсаты – Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің мәдениеті мен музыкалық дәстүрлерін бір сахнада тоғыстыру.
Алғашқы маусымның финалы Астанада өтті. Байқау қорытындысында Моңғолия атынан қатысқан Мишель Джозеф жеңімпаз атанды. Финалдағы нәтижелер көрермендердің дауысы мен халықаралық қазылар алқасының бағасы негізінде анықталды: екі тараптың үлесі 50 пайыздан болды.

Ресми мәлімет бойынша, финалдық дауыс беруге әлемнің әр елінен 508 287 көрермен қатысты. Мишель Джозеф 112 мың дауыс жинап, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Өзбекстан өкілі Мадинабону Адыловаға, үшінші орын Қытай әншісі Чжан Хэ Сюаньға бұйырды.
Жобаның алғашқы маусымы Қазақстаннан тыс елдерде де көрсетілді. Бағдарлама Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Армения және Грузия телеарналарында эфирге шықты. Сонымен қатар жоба алты тілде ұсынылып, бірқатар елде синхронды аударма арқылы көрсетілді.
Бірінші маусым аяқталғаннан кейін жобаның келесі кезеңі Қытайда өтетіні жарияланған еді. 2025 жылғы қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен қорытынды баспасөз конференциясында China Media Group өкілі келесі байқаудың Қытайда ұйымдастырылатынын хабарлады.
Осылайша, Қазақстанда басталған Silk Way Star халықаралық форматқа шығып, екінші маусымын Қытай сахнасында жалғастырып отыр.
Келесі материал: Қытайда технологиялық туризмге қызығушылық артып келеді
Посмотреть эту публикацию в Instagram