Тіпті сапалы әрі жаңа дайындалған тағамның өзі тоңазытқышсыз бірнеше сағат тұрса, қауіпсіз болмауы мүмкін. Ал оқушы әдетте рюкзагында алып жүретін ланч-бокстағы тағам 4 сағаттан астам уақыт салқындатылмай тұруы ықтимал.
Сондықтан Qazaq Expert Club-тың тағам қауіпсіздігі саласындағы сарапшысы, PhD, қауымдастырылған профессор Лаура Аутелееваның пікірінше, ланч-бокс дайындағанда тағамның калориясы мен тағамдық құндылығын ғана емес, оның қанша уақыт салқындатылмай тұратынын да ескеру маңызды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, дайындалған және тез бұзылатын тағамдарды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдыруға болмайды, ал мұндай өнімдерді 5 °C-тан төмен температурада сақтаған жөн.
«Ет, құс еті, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері мен дайын тағамдарға ерекше назар аудару қажет. Егер бала мектепте бірнеше сағат болып, тоңазытқышқа қолжетімділік болмаса, тез бұзылатын өнімдер үшін салқындатқыш элементі бар жылу оқшаулағыш ланч-бокс немесе термосөмке қажет», – деп түсіндіреді сарапшы.
Егер тағам бірнеше сағат бойы бөлме температурасында тұратын болса, Лаура Аутелеева балаға майонез қосылған салаттар мен бутербродтарды, шұжық пен басқа да ет деликатестерін, жұмсақ кремді десерттерді беруге кеңес бермейді.
«Термосөмке немесе салқындатқыш элемент болмаса, йогурт, сүзбе және жұмсақ ірімшіктерді де салмаған жөн. Ет, тауық еті, балық пен жұмыртқаны да, егер олар тамақтанғанға дейін бөлме температурасында ұзақ уақыт тұратын болса, қауіпсіз нұсқа деп қарастыруға болмайды. Бұл тез бұзылатын үй тағамдарына да қатысты», – деп толықтырады ол.
Аутелеева сондай-ақ ДДҰ тұжырымдаған қауіпсіз тамақтанудың бес негізгі қағидасына назар аударады: тазалықты сақтау, шикі өнімдерді дайын тағамнан бөлек ұстау, тағамды мұқият пісіру, оны қауіпсіз температурада сақтау және қауіпсіз су мен шикізатты пайдалану.
Бұл ретте ата-ананың міндеті – ықтимал қауіпті өнімдерді алып тастап, олардың орнына печенье немесе тәттілер салу ғана емес. Мектептегі тіскебасар баланың күнделікті рационының бір бөлігі болғандықтан, ол құнарлы, толыққанды әрі алуан түрлі болуы керек.
ДДҰ-ның заманауи ұсынымдарына сәйкес, дұрыс тамақтану рационының негізін аз өңделген әртүрлі өнімдер: көкөністер, жемістер, тұтас дәнді дақылдар, бұршақ тұқымдастар және сапалы ақуыз көздері құрайды», – дейді қауымдастырылған профессор.
Оның айтуынша, оңтайлы ланч-боксты бірнеше компоненттен құрастыруға болады.
Біріншісі – күрделі көмірсулардың көзі. Бұл тұтас дәнді нан, қытырлақ нан, сұлы және басқа да тұтас дәнді өнімдер болуы мүмкін.
Екіншісі – ақуыз көзі. Мысалы, пеште пісірілген құс еті, балық, жұмыртқа, табиғи ірімшік немесе басқа да қолайлы ақуызды өнімдер. Бірақ тез бұзылатын өнімдер үшін дұрыс температуралық режимді қамтамасыз ету қажет.
Үшінші компонент – көкөністер немесе жемістер: қияр, сәбіз, тәтті бұрыш, алма, алмұрт, жидектер және басқа да маусымдық өнімдер.
Төртіншісі – пайдалы майлардың көзі. Егер балада аллергия болмаса және нақты мектептің ережелері рұқсат етсе, жаңғақтар немесе дәндер беруге болады.
Сусын ретінде ең оңтайлы таңдау – кәдімгі су. Бұл қағида мектептегі тіскебасарды тәттілер мен ультраөңделген өнімдер жиынтығына айналдырмай, оны алуан түрлі әрі құнарлы етуге мүмкіндік береді.
Сарапшының айтуынша, баланың дұрыс тамақтануы да үнемі тыйым салуға негізделмеуі керек. Оның күнделікті рационының негізін қандай өнімдер құрайтынын бақылау әлдеқайда маңызды.
Тәтті сусындарды, кондитерлік өнімдерді көп мөлшерде тұтынуды, чипсы мен тұзы көп басқа да өнімдерді, құрамында бос қант мөлшері жоғары тағамдарды және қатты өңделген ет өнімдерін шектеген жөн.
«Оқушының ланч-боксы “диеталық” болмауы керек. Оның міндеті – балаға толыққанды, алуан түрлі әрі қауіпсіз тіскебасар беру. Сондықтан ата-аналар бір мезгілде өздеріне екі сұрақ қойғаны жөн: бала бұл тағамнан қоректік құндылық тұрғысынан не алады және ол тамақтанатын уақытқа дейін бұл тағам қауіпсіз болып қала ма?» – деп қорытындылайды Лаура Аутелеева.
Келесі материал: CIFTIS халықаралық көрмесіне Еуразия елдерінің журналистері барды
