Жыл сайын мемлекет жаңа бастамаларды іске қосады. Мектептер мен жолдар салынып, цифрлық сервистер пайда болады, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік саясат салаларындағы заңнама жетілдіріледі.
Бұл жұмыстардың ауқымы өте үлкен. Алайда жобалар саны артқан сайын заңды бір сұрақ туындайды: неліктен кейбір шешімдер жағдайды шынымен жақсартса, басқалары күтілген нәтижені бермейді?
Бұл мәселе әсіресе Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) аудит нәтижелері аясында өзекті бола түсті. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы аяқталуы жоспарланған 683 инвестициялық жобаның 141-ін аяқтау мүмкін болмаған.
Сонымен қатар, ЖАП жыл ішінде төрт ұлттық жобаның бірнеше рет түзетілгенін атап өтті: іске асыру мерзімдері, тетіктері, қаржыландыру көлемі мен мақсатты индикаторлары өзгертілген. Соның салдарынан олар нақты параметрлері бар ұзақмерзімді стратегиялық бастама сипатын жоғалтқан.
Бұл сандардың өзі мемлекеттік саясаттың тиімсіз екенін білдірмейді. Кез келген басқару жүйесі экономикалық жағдайға, бюджеттік шектеулерге және сыртқы факторларға бейімделуге мәжбүр. Дегенмен аудит басқа маңызды мәселеге назар аудартады: атқарылған іс-шаралардың санын бағалаудан олардың нақты қоғамдық әсерін бағалауға қалай көшуге болады?
Басқаша айтқанда, мемлекеттік бағдарламалар тек қаржыны игеріп, жоспарланған іс-шараларды орындап қана қоймай, дәл солардың күтілген өзгерістерге алып келгенін қалай дәлелдеуге болады?
Аудит материалдарын зерделей отырып, бір қызықты сәйкестікті байқадым. Бір мемлекеттік жобалардың табысты болуын, ал басқаларының қиындықтарға тап болуын түсіндіретін тәсілдер көптеген жылдар бойы жетекші халықаралық даму институттары – Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD), БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және басқа да ұйымдар ұстанып келе жатқан қағидаттармен іс жүзінде толық сәйкес келеді.
Бұл әсіресе USAID тәжірибесінде анық көрінеді. Агенттіктің операциялық саясатының (ADS 201) негізгі қағидаттарының бірі – ресурстарды бөлу туралы шешімдер талдау мен дәлелденген деректерге сүйене отырып қабылдануы тиіс. Грант немесе келісімшарт арқылы іске асырылатын әрбір бағдарлама үшін жұмыс басталмай тұрып-ақ мониторинг, бағалау және оқыту жоспары (Monitoring, Evaluation and Learning Plan – MEL Plan) әзірленеді. Яғни таңдалған шешімнің тиімділігін тексеру механизмі жобаға бастапқы кезеңнен енгізіледі.
Тек 2023 қаржы жылында USAID шамамен 130 елде бағдарламалар іске асырып, 43,8 млрд АҚШ доллары көлемінде көмек бөлді. Осындай ауқым жағдайында жобалардың дайындық, тексеру және бағалау кезеңдерінен жүйелі түрде өтуі, ал шешімдердің тек сарапшылық пікірге емес, жинақталған деректерге негізделуі аса маңызды.
Негізінде дәл осылай Evidence-Based Policy, яғни дәлелдерге негізделген мемлекеттік саясат қағидаты жұмыс істейді. Оның мәні қарапайым: жаңа шешімді кеңінен енгізбес бұрын, оның шынымен тиімді екеніне көз жеткізу қажет.
Алдымен деректер, зерттеулер және халықаралық тәжірибе талданады. Кейін мүмкіндік болса, шешім шектеулі көлемде сынақтан өткізіледі. Пилоттық кезең аяқталған соң нәтижелер бағаланып, содан кейін ғана бастаманы кеңейту, жетілдіру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылданады.
Қазақстанда мұндай тәсілдің белгілері бар ма? Менің ойымша, бар.
2016 жылдан бері Қазақстанда реттеушілік әсерді талдау (РӘТ) тетігі қолданылады. Ол мемлекеттік органдарды нормативтік құқықтық актілер қабылданғанға дейін реттеудің әртүрлі нұсқаларының бизнес пен экономикаға ықтимал әсерін бағалауға міндеттейді.
Сонымен қатар, 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында реттеушілік шешімдер объективті деректерге, зерттеулерге, статистикаға және қоғамдық пікірді зерделеу нәтижелеріне негізделуі тиіс деген қағидат бекітілген.
Бұл логика ірі цифрлық жобаларда одан да айқын көрінеді. Мысалы, цифрлық теңге бірден енгізілген жоқ. 2021 жылы Ұлттық банк алдымен консультативтік баяндама ұсынып, жобаны нарық қатысушыларымен талқылады. Кейін платформаның техникалық іске асырылу мүмкіндігі сыналды.
2023 жылғы қарашада бес банктің қатысуымен алғашқы өнеркәсіптік кезең іске қосылды. Кейін «цифрлық ҚҚС» тетігі мен цифрлық теңге арқылы жол жөндеуді қаржыландыруды қамтитын жаңа пилоттық жобалар пайда болды.
Бір қызығы, мемлекеттік сатып алулардағы цифрлық ҚҚС бойынша пилоттық кезең 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Демек, жоба іске қосылғанына бірнеше жыл өтсе де, ол бірден кең көлемде енгізілмей, бақыланатын сынақтар арқылы дамып келеді.
Осындай кезеңділікті Ashyq жүйесінің мысалынан да көруге болады.
2021 жылы ол алдымен Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында 472 кәсіпкерлік субъектісінің қатысуымен сынақтан өтті. Пилоттық жобаның нәтижелері талданғаннан кейін ғана жүйе бүкіл елге таратылды.
Бұл мысалдар Қазақстанның мемлекеттік институттары, әсіресе технологиялық жағынан күрделі жобаларда, «пилот – бағалау – ауқымдау» моделін қолдана алатынын көрсетеді.
Осы тұста заңды сұрақ туындайды: мұндай тәсіл тек цифрлық сервистерге ғана емес, ірі мемлекеттік бастамаларға да әмбебап қағидаға айнала ала ма?
Дәлелдерге негізделген мемлекеттік саясатқа көшу – қолданыстағы жүйеден бас тарту емес, оның келесі даму кезеңі. Деректерді талдау, пилоттық жобаларды іске асыру және нәтижелерді тәуелсіз бағалау неғұрлым кең қолданылса, мемлекеттік шешімдердің уақытылы орындалып қана қоймай, азаматтар күткен нақты нәтижеге жеткізу ықтималдығы да соғұрлым жоғары болады.
Автор: Әсет Қождан, Qazaq Expert Club-тың мемлекеттік саясат, GR және әлеуметтік даму саласындағы шақырылған сарапшысы
