STEPPENES.KZ: 11 желтоқсан көрерменге жол тартқан «Руың кім?» фильмі депутат Ерлан Саировтың тарапынан айтылған сыннан кейін прокаттан алынды. Осы жағдайға байланысты журналист Дина Төлепберген Instagram парақшасында өз пікірімен бөлісті.
«Мен бұл фильмді прокаттан көріп үлгерген көрерменнің бірімін. Сондықтан картина рушылдықты насихаттамайды, керісінше бүкіл драматургиясы соған қарсы құрылған деп толық сеніммен айта аламын.»
Фильмнің продюсерлік компаниясы депутаттың қазақ қоғамындағы рушылдық тақырыбына қатысты сынынан кейін картинаны прокаттан алып тастау туралы шешім қабылдаған еді.
«Фильмнің пиарында қате кетті. Трейлер мен визуал расында ескі жараны алға шығарды да, басты ойды, бірлікті жасырып қалды. Соның салдарынан фильмді көрмеген адамға бұл жоба трайбализм насихаты сияқты көрінді.»
Сондай-ақ ол депутаттың бір ғана мысалға сүйеніп, өзге туындыларға қатысты жан-жақты бақылауды күшейтуі тікелей цензураға апаратын жол екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай үрдістің салдарын бүгінде телевизия саласы да сезініп отыр. Спикер өткір тақырыптар мен қоғаммен ашық диалогтың біртіндеп жоғалып бара жатқанына назар аударып, бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді.

