STEPPENEWS.KZ: 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жұмыстан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 127,1 мың адамды құрады. Оның ішінде 25,6 мың азаматқа биыл алғаш рет төлем тағайындалған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Жалпы төленген қаржы көлемі 11,9 млрд теңгеге жетті.
Жәрдемақы 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімге беріледі және оның мөлшері азаматтың соңғы екі жылдағы табысы мен еңбек өтіліне қарай бұрынғы орташа табысының 45 пайызына дейін есептеледі.
Төлемді рәсімдеу үшін азаматтар eGov.kz порталы арқылы онлайн өтініш бере алады. Өтініш берушімен бір тәулік ішінде байланыс орнатылып, үш жұмыс күні ішінде оған жұмыссыз мәртебесі беріледі. Қызмет enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы да қолжетімді.
Әлеуметтік төлемді тағайындау туралы шешім азаматтың SMS-хабарлама арқылы келісімін растауынан кейін автоматты түрде қабылданады.

