Әлеуметтік желіде Toyota Camry көлігі құрылыс алаңында тұрған жүк тиегішпен соқтығысып, полицей көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратты Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Полиция департаменті қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Тергеушілер полиция қызметкері апат кезінде еңбек демалысында болғанын анықтады. Сонымен қатар сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес қызметкер сау болған. Алкоголь немесе есірткіге мас болу белгілері анықталмаған», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Toyota Camry жүргізушісі жол жиегінде тұрған жүк тиегішпен соқтығысқан. Кейбір мәлімет бойынша көлікте тағы бір полицей болған, ол аман қалып, ауыр халде ауруханаға жатқызылған. Дегенмен полицияның баспасөз қызметі бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.
Заңгер Айбек Сүйіндіков кез келген жол жөндеу немесе құрылыс жұмыстары ерекше талаптарға сәйкес жүргізілуі керек екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, жұмыс орындарында уақытша сары белгілер қолданылуға тиіс. Ал қызғылт сары маякты қосып жүрген жол техникасына ережені бұзуға болады, бірақ жол қозғалысы толығымен қауіпсіз екеніне көз жеткізуі керек.
