Бүгін Республика күніне орай облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің бірқатар тұрғындарына мемлекеттік наградалар табыс етті. Президенттің Жарлығымен мемлекеттік наградалармен еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан 35 еңбеккер азамат марапатталды, Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шара Талдықорғандағы Б. Римова атындағы драма театрында өтті. Көпшілікті мерекемен құттықтаған өңір басшысы 35 жыл бұрын қабылданып, елдің тәуелсіздікке жетуінің конституциялық және саяси негізін қалаған мемлекеттік егемендік туралы декларацияның рөліне тоқталды. Сондай-ақ осы құжаттың қазіргі даму кезеңіндегі тарихи маңыздылығын да атап өтті. Сондай-ақ ол аймақтың соңғы үш жылдағы негізгі жетістіктеріне ерекше назар аударып, оған қол жеткізуде ел тәуелсіздігі, халықтың бірлігі мен әрбір азаматтың еңбегі бар екенін айтты.
«Сіздерді Республика күнімен және Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Бұл құжат – біздің мемлекеттік егемендігіміздің іргетасы, елдігіміздің бастауы». Сондықтан оның еліміздің мемлекеттік дербестігін айқындаудағы маңызы зор. Тәуелсіздіктің бастауы болған бұл құжатта алғаш рет халықтың өзіндік мәдениеті мен дәстүрін нығайтуға назар аударылып, бірлік пен келісім дамудың берік негізіне айналды. Бүгінгі таңда алдымызда бейбітшілікке, өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа сүйене отырып, қол жеткізген жетістіктерді сақтау мен одан әрі еселеу міндеті тұр. Қашанда Отанымыз Қазақстанның, туған өлкеміз Жетісудың еңсесі биік, мерейі үстем болсын», — деген Б.Исабаев бұдан әрі марапаттау рәсіміне көшіп, Жұмысшы мамандықтар жылына орай бүгін Астанада жерлесіміз «Талдықорған жылу сервис» мекемесінің слесарі Марат Жолдасбайұлы Мергенбаев Президентіміздің қолынан мемлекеттік награда алғанын атап өтті.
Жалпы облыстың 35 тұрғыны мемлекеттік наградамен марапатталды. Салтанатты іс-шара аясында «Құрмет», «Парасат», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық, жол құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлік салаларында еңбек ететін облыс тұрғындары марапатталды. Олардың қатарында Талдықорған қаласы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Вадим Друзин, Алакөл ауданының «Қалқаман» ШҚ басшысы Болатбек Қапсаламов, «Сарқан жылу» МКК жүргізушісі Қанапия Тұқымбеков, Кербұлақ ауданының «Қызылжар» өндірістік кооперативінің басшысы Айдын Нұртазин, «Текелі тау-кен өңдеу кешені» ЖШС электромонтері Александр Винокуров, «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Төлемісова, «Алакөл жолдары» ЖШС арнайы техника жүргізушісі Сергей Болдырев, Ескелді ауданының «Вахитов» ШҚ басшысы Рустам Вахитов, Ақсу ауданы Е. Сиқымов атындағы мектеп жанындағы интернаты бар орта мектеп мұғалімі Айнагүл Жиенбаева, Сарқан ауданы «Тастұма» ШҚ басшысы Кенжетай Тазабекова, Талдықорған қаласы музыкалық колледжінің оқытушысы Гүлзифа Рахымханова және басқа да азаматтар бар.
Марапатталушылар мерекеге орай пікір білдіріп, жерлестеріне тілектерін жеткізді. Солардың бірі «Сарқан жылу» МКК жүргізушісі Қанапия Тұқымбеков:
«Біздің кәсіпорын Сарқан қаласына жылу берумен айналысады. Бүгін Республика күніне арналған салтанатты жиналысқа қатыстым. Маған ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені берілді. Бұл — үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Мемлекет басшысына еңбек адамдарына қамқорлық жасағаны үшін алғысымды білдіремін», — деді ол.
Бұл пікірге ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған Текелі қаласының тұрғыны да қосылды:
«Текелі тау-кен өңдеу кешенінде 13 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымды электрик болып бастап, кезекші электромонтерге дейін көтерілдім. Жұмыс оңай емес, артылар міндет өте жауапты. Бірақ қазір көп процестер автоматтандырылып жатыр. Еліміздің игілігі үшін бұдан былай да жұмыс істей беремін. Бүгінгі марапат мен үшін жағымды тосынсый болды», — дейді Александр Винокуров.
«Маған берілген «Шапағат» медалі — кедергісіз орта құру, мүгедектігі бар адамдарға нысандарға еркін кіріп-шығуына жағдай жасалу үшін жұмыс істейтін барлық әріптестерімнің, тұтас командамыздың ортақ еңбегі. Бұл бағытта өңірде көп іс атқарылды. Оның ішінде спортшыларды қолдау бойынша да солай деуге болады. Мысалы, Талдықорған параспортсмендері жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізетін түрлі жарыстарға қатыса алады. Әрине, алда әлі талай жұмыс бар, ал бүгінгі марапат мен үшін үлкен мотивация болды. Жерлестерімді Республика күнімен құттықтап, барлық бастамаларына сәттілік тілеймін», — деді Талдықорған қаласы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Elstar.kz» қоғамдық бірлестігінің басшысы, өңірдегі әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі жөніндегі мониторингтік топтың өкілі Вадим Друзин.
«Кәсіпкерлікте, атап айтқанда, Көксу ауданының сауда және қоғамдық тамақтану саласында 30 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мен зейнеткерлік демалысқа шықсам да, жұбайыммен бірге отбасылық бизнесті дамытуға бар күш-жігерімді жұмсаудамын. Қазір 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Президенттің Жарлығымен маған Республика күніне орай «Шапағат» медалін берді. Өңір экономикасының дамуына қосқан үлесімді жоғары наградаға лайық деп білгендеріне қуаныштымын», — деді Көксу ауданынан келген жеке кәсіпкер Қатира Күзбаева.
Салтанатты шара Жетісу облысының шығармашылық ұжымдары мен әртістерінің қатысқан үлкен мерекелік концертпен жалғасты.
