Жетісу облысында жәрмеңкеде 137 тонна жаңа өнім қолжетімді бағамен сатылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Республика күні қарсаңында өңірдің 8 ауданы мен 2 қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысқан жәрмеңке өтті.
Талдықорған қаласында ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев қатысты.
«Талдықорған тұрғындары мен қонақтары жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өндірушілерінен тікелей қолжетімді бағада балғын әрі сапалы өнімдер сатып алуға мүмкіндік алды», — деп хабарлады әкімдік.
Жәрмеңкеде жалпы көлемі шамамен 137 тонна болатын 54 түрлі өнім сатылды. Атап айтқанда, 19,1 тонна көкөніс, 12,1 тонна ет, 3,5 тонна балық, 1,4 тонна сүт өнімдері, 20,4 тонна картоп, 7,7 тонна жеміс-жидек, 4 тонна қант, 0,8 тонна бал және шамамен 72 тонна басқа да өнімдер ұсынылды.
Сатушылар мен келушілер жәрмеңкенің екі жаққа да тиімді екенін айтты.
«Бізде тауық етінен жасалған өнімнің түр-түрі бар, сонымен қатар жұмыртқаның бірнеше сортын ұсындық. Жәрмеңкеге 100 кг тауық еті, 50 кг балапан еті және қосымша субөнімдер алып келдік. Өнімдерімізге жоғары сұраныс бар, бұл өнімнің сапалылығы мен бағасының қолжетімді болғанының арқасында деп ойлаймын. Мысалы, бір дана жұмыртқа 25 теңге мен 55 теңге аралығында сатылады», – дейді «Когер ЛТД» ЖШС фирмалық дүкенінің сатушысы Айгүл Сатыбалдина.
«Біз жәрмеңкеге 7 қойдың етін алып келдік. Мал шаруашылығымен 10 жылдан бері айналысамыз. Талдықорғандықтардың біздің өнімімізге риза болатынына сенеміз», – деді Ақсу ауданының фермері Серікбол Қайратбек.
«Өнімдердің сан түрі мен төмен бағаларына риза болдық. Бәрі де әдемі, ұқыпты қойылған, көз сүйсінеді. Ет, балық, көкөніс сатып алдық. Осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса екен дейміз. Мереке қарсаңында халық игілігі үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің өткізілгеніне қуанамыз», – деді талдықорғандық Погореловтар отбасы.
Негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Талдықорғанда жәрмеңкеде 128,8 миллион теңгеден астам сомаға ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жоспарланды.