STEPPENEWS.KZ: Астана соты Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің үстінен түскен азаматтық шағым бойынша шешім шығарды. Талап арыз иесі Виталий Шевченко депутаттың әлеуметтік желідегі пікірін ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді деп тануды сұраған еді.
Даудың басы депутаттың Facebook желісіндегі Қазақстанда ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы бастамасына қатысты жазбадан басталған. Пікір алмасу кезінде Еділ Жаңбыршин шағымданушыны «адамзаттың масқарасы» деп атаған. Виталий Шевченко бұл сөздер үшін депутатты көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттеуді және Мәжіліс пен «Amanat» партиясына қатысты жеке қаулылар шығаруды талап етті.
Сот барысында депутаттың өкілі бұл мәлімдемелер нақты фактілер емес, тек «жеке пікір мен эмоционалды бағалау» екенін алға тартты. Сот сарапшысы Диляра Жазитова да бұл позицияны қолдап, депутаттың сөздері қорлау сипатында емес, субъективті пікір ретінде берілгенін растады. Сарапшының айтуынша, ақпарат нақты дерек ретінде ұсынылмағандықтан, ол адамның беделіне нұқсан келтіретін мәлімет болып есептелмейді.
Нәтижесінде судья сараптама қорытындысына сүйеніп, шағымды қанағаттандырудан бас тартты. «Сот Виталий Шевченконың арызындағы Еділ Жаңбыршин таратқан ақпаратты қорлайтын, ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін деп тану, сондай-ақ ресми кешірім сұрауды міндеттеу талаптарын қанағаттандырмады», — делінген сот үкімінде.

