STEPPENEWS.KZ: Кейбір сарапшылар қарапайым тапсырмаларды ЖИ-ге жиі жүктеу ми белсенділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін деп алаңдайды. Олардың пікірінше, бұл үрдіс уақыт өте келе сыни ойлау мен мәселені өз бетінше шешу дағдыларының әлсіреуіне себеп болуы ықтимал.
Биыл Массачусетс технологиялық институты (MIT) жүргізген зерттеу де осы қауіптің негізсіз еместігін көрсетті. Зерттеу барысында эссе жазу кезінде ChatGPT-ті пайдаланған адамдардың миында когнитивтік үдерістерге жауап беретін нейрондық желілердің белсенділігі төмен болғаны анықталған.
Сонымен қатар ғалымдар ЖИ-ді толықтай шеттету емес, оны орнымен әрі саналы қолдану маңызды екенін атап өтеді. Жасанды интеллект құралдары ойды жүйелеуге көмектескенімен, талдау жасау, қорытынды шығару және шешім қабылдау сияқты негізгі әрекеттер адамның өзі жасауы тиіс.

