STEPPENEWS.KZ: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологияларына негізделген жеке жаттығуға арналған интеллектуалды спорттық коучинг бағдарламасы әзірленіп жатыр. Жоба «Iron-BARS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысы аясында жүзеге асырылуда.
Аталған бағдарлама спортшылар мен әуесқой пайдаланушылардың қозғалыс техникасын автоматты түрде талдауға, сондай-ақ жеке физикалық көрсеткіштеріне сәйкес жаттығу түрлерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект алгоритмдері қозғалыс барысындағы қателіктерді анықтап, жаттығу процесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жобаның ғылыми жетекшісі – информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының доценті, PhD Әділжан Кереев. Оның айтуынша, бұл бастама ғылым мен тәжірибенің нақты ұштасуын көрсетеді.

«Жасанды интеллектке негізделген бұл бағдарлама спорттағы жеке дайындықты жаңа сапалы деңгейге көтереді. Ең бастысы – студенттер нақты өндірістік міндеттерді орындау арқылы заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеріп жатыр», – дейді жоба жетекшісі.
Жобаны жүзеге асыруға «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының студенттері Ерлан Аймұқанов пен Кирилл Пилипенко қатысуда.
Орындаушылардың бірі Ерлан Аймұқановтың айтуынша, бағдарлама компьютерлік көру технологиясы арқылы адамның қозғалысын нақты уақыт режимінде тануға негізделген.
«Бұл жоба бізге машиналық оқыту мен деректерді талдау тәсілдерін практикада қолдануға мүмкіндік берді. Жасанды интеллект жаттығу сапасын арттыруға нақты үлес қоса алады», – дейді ол.
Ал Кирилл Пилипенко бағдарламаның қолдану аясы кең екенін атап өтті.
«Жүйе кәсіби спортшыларға да, спортпен әуесқой түрде айналысатын адамдарға да бейімделе алады. Бағдарлама пайдаланушының деңгейіне қарай жеке жаттығулар жиынтығын ұсынады», – дейді студент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде жасанды интеллектті ғылым мен инновацияны дамытудың негізгі қозғаушы күші ретінде бірнеше рет атап өткен. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен білікті кадр даярлау – ел дамуының стратегиялық бағыттарының бірі.
Осы тұрғыда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Қазақстандағы қолданбалы жасанды интеллект зерттеулерін дамытуға, сондай-ақ жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың қатарына жатады.

