Сенегалдың «Esprit Foot Yeumbeul» футбол клубының 18 жастағы қақпашысы Шейк Турені Ганада өлтіріп кетті.
Сенегалдың Африкалық интеграция және сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, жас спортшының мәйіті Гана аумағынан табылған. Шейк Туре – «Esprit Foot Yeumbeul» академиясының тәрбиеленушісі. Ол қылмыскерлердің арбауына түскен.
«Қарулы топ Шейкті ұрлап, оның отбасынан ақша талап еткен. Жақындарының күш-жігеріне қарамастан, қаскөйлер жас қақпашыны өлтірген», — деп жазған The Sun басылымы.
Қазір Сенегал билігі мен Гана полициясы бірлесіп тергеу жүргізіп жатыр. Министрлік өкілі марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтып, қаскөйлердің жеке басы анықталатынын айтып сендірді.
Сонымен қатар билік өкілдері футбол клубтарына, бапкерлер мен ата-аналарға шетелге сынаққа шақыру немесе трансфер туралы тексерілмеген ұсыныстардан сақ болуға кеңес берді. Ресми органдар тек ресми арналар арқылы әрекет етуге және спорттық ұйымдармен кеңесуге шақырды.