Ауылдағы медбике Әлия Хасенова өз еңбегін жай қызмет емес, адамға жылу сыйлайтын игі іс деп біледі, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Мейірбике ісі тек медициналық көмек көрсету емес, бұл адамға жан жылуын сыйлау, науқасқа сенім ұялату. Көп жылдық тәжірибемде байқағаным – жақсы сөздің өзі кейде ең мықты дәріден де әсерлі», – дейді ол.
Қаладағы медицина мен ауылдағы жағдайды салыстыру қиын. Ауылдық мейірбике бір мезетте дәрігер де, кеңесші де, сырлас та бола білуі тиіс маман. Ауыл мейірбикесі ауылда алғашқы медициналық көмек көрсететін, екпе егетін, дәрі-дәрмек тарататын және халықтың денсаулығын бақылайтын негізгі тұлға.
«Ауылдық жерде жұмыс істеу – ерекше жауапкершілік. Кейде түн ішінде шақыру болады, кейде боранды күні алыстағы үйге баруға тура келеді. Бірақ адамдардың алғысын естіген сәтте бүкіл шаршағаның ұмытылады», – дейді мейірбике.
Мақпал ауылының тұрғындары Әлия Хасенованы ерекше құрметтейді. Ауылда «Әлия апай келсе, жазылып кетеміз» деген сөз кең тараған. Оның жылы сөзі мен сабырлы мінезі көпшіліктің сенімін оятқан.
«Мейірімсіз медицина болмайды. Кейде бір жымиыс, бір жылы сөз науқастың көңілін көтеріп, оның сауығуына үлкен әсер етеді. Сондықтан мен әр науқасқа «сіз жалғыз емессіз» деп айтуға тырысамын», – дейді Әлия апай.
Әлия Ғаббасқызының кәсіби қағидасы – адам өмірін, құқығы мен абыройын сыйлау. Ол тек денсаулықты қалпына келтірумен шектелмей, рухани қолдау көрсетудің маңызын жақсы түсінеді.
Ауылдық жерде еңбек етіп жүрген мейірбикелердің еңбегі кейде көпшілікке көрінбесе де, дәл сол жандар елдің тыныштығы мен денсаулығын қамтамасыз етіп отырған нағыз жанашыр азаматтар.