STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдері мен бірқатар әлеуметтік төлемдер ұлғаяды. Бұл туралы Астана қаласы әлеуметтік қамсыздандыруды реттеу және бақылау комитетінің басшысы Дәмежан Сәдуақасова брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңгеге дейін өседі. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болып белгіленсе, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құрайды. Ал ең төменгі жалақы 85 000 теңгеге жетеді.
2026 жылдың басынан бастап жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдері 10 пайызға артады. Сонымен қатар, жаңа зейнетақы тағайындау кезінде ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК болады, бұл 237 875 теңгеге тең.
Мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Егер зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі 10 жыл немесе одан аз болса, төлем күнкөріс деңгейінің 70 пайызы көлемінде белгіленеді. Ал 10 жылдан асқан әр толық жыл үшін 2 пайызға өсіп, ең көбі 118 пайызға дейін жетуі мүмкін. Осылайша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды. Бұл өсім бұрын және жаңадан зейнетке шыққан азаматтарға бірдей қатысты.
Сонымен бірге, мүгедектік пен асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар да өседі. Атап айтқанда, I топтағы мүгедектерге – 111 873 теңге, II топқа – 89 498 теңге, III топқа – 61 022 теңге төленеді.
2026 жылдан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдер де 10 пайызға ұлғаяды. Бұдан бөлек, АЕК пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты бала тууына, бала күтіміне, жерлеуге берілетін жәрдемақылар, көпбалалы отбасыларға және ерекше санаттағы азаматтарға арналған әлеуметтік төлемдер қайта есептеледі.
Сондай-ақ, I топтағы мүгедектігі бар адамды күтетін ата-аналарға, қорғаншыларға және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған азаматтарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де артады.

