STEPPENEWS.KZ: 14 желтоқсанда Жамбыл облысындағы «Айша-биби» өткізу бекетінде ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері ірі көлемдегі есірткі заттарын алып өтпек болған әрекеттің жолын кесті деп хабарлайды Syrmedia.kz
Тыйым салынған заттар автокөліктің жасырын орындарынан техникалық құралдардың көмегімен анықталған. Барлығы күмәнді зат салынған 36 орама табылды, олардың бір бөлігінде «999» деген белгі болған.
Сараптама нәтижесінде тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 30 келіден асқаны белгілі болды. Олардың қатарында героин, апиын және гашиш бар.
Аталған дерек бойынша шетел азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қосымша мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.

